Парламент
2 мин оқу 542

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫН ПАЙДАЛАНУ МҮМКІН БОЛМАҚ

24 желтоқсан 2020
ЗЕЙНЕТАҚЫ  ЖИНАҒЫН ПАЙДАЛАНУ  МҮМКІН БОЛМАҚ

Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Заң жобасы пандемия кезеңінде зардап шеккен экономика салаларын ынталандыруға мүмкіндік береді, атап айтқанда, халық пен бизнесті қолдаудың нақты шараларын көздейді.
23 желтоқсандағы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен келісті. Айта кетейік, 21 желтоқсан күні Сенаттың жалпы отырысында аталған құжат екі оқылымда қаралды. Жобаны талқылау барысында жоғарғы палата спикері Мәулен Әшімбаев: «Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өзі бірле­сіп жұмыс істейтін тараптың жағда­йын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған», – деп атап өтті.
Заң жобасымен жұмыс барысында Сенат комитеттерінің бір­қатар өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу қажеттігі туындады. Құ­жатты талқылау барысында нақ­тылаушы сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек болғаны атап өтілді. Осы орайда ішкі қарама-қайшылықты болдырмау және заң жобасының нормаларын қолданысқа енгізу ескерілген. «Заң жобасы қабылданса, халықтың баспанамен қамту, білім алу салалары бойынша әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады деп күтілуде. Себебі, заң­ға қол қойылғаннан кейін жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім кредиттері беріле бастайды. Сондай-ақ көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған оқуға қабылдау квотасы белгіленеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін көтерме-бөлу орта­лықтарының құрылысы бойынша да нормалар бекітіледі», – деді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков.
Жоғарғы палатадағы талқы­­лау барысында заң жобасы сена­торлардың түзетулерімен Мәжіліс­ке қайтарылды. «Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сондықтан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады», – деді Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев.
Құжат аясында Мемлекет бас­­шысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жи­нағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қол­дану құқығы белгіленеді. Заң жобасы микроқаржы ұйымдары мен басшыларға қойылатын талаптарды арттыруды да көздейді. Бұл қарыз алушылардың мүдделерін қорғауға және қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫН ПАЙДАЛАНУ МҮМКІН БОЛМАҚ · Мұрағат