Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор

24 желтоқсан 2020
Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор

Бұрын колониализм мен неоколониализм туралы тек газет-кітаптардан оқу және теле- радиохабарлардан тыңдау арқылы ғана білетінбіз. Бізде, яғни ол кездегі ортақ мемлекетіміз болып саналған Кеңес Одағында, ондай құбылыс, олайша бір ұлттарды екінші бір ұлттардың қанауы жоқ деп есептелетін. Коммунистік идеология мен үгіт-насихат ісінде қалыптасқан түсінік бойынша, колониализм мен неоколониализмнің бар пайдасын дамыған Батыс Еуропа державалары және АҚШ не, дәлірек айтқанда, сонда билік құрушы капитал көрді және әлі де көріп жатыр деп саналатын.

Қазір жағдай өзгерді. Онымен бірге капиталға қатысты ғана емес, сол колониализм мен неоколониализмге қатысты әңгіменің реті де өзгерді. Нақтылап айтқанда, енді капиталды жамандау ыңғайсыз нәрсе саналады. Оған қазір тек экономиканы қозғаушы күш ретінде қарау ғана ретті көрінеді. Ал колониализм мен неоколониализм туралы әңгіме тіпті жоқ болып кетті.
Бірақ олардың өздері шынды­ғында ешқайда жоғалған жоқ. Бұны өз басымыздан өткерген тәжірибе де дәлелдеп жатыр. Бұрын, яғни кеңес заманында біз, яғни қазақ­тар, өзара сөйлескенде, Қазақ республикасы Мәскеудің колониясы ғой дегендей әңгімелерге баратынбыз. Шындығында да ол кезде державалық орталық республиканың құнды-құнды шикі­заттарын өзі бекіткен арзан бағаға алып, оны шетелге қымбат бағаға сатуды әдетке айналдырған. Бірақ – шынын айту керек қой – сол Мәскеу алынған шикізаттың дұрыс бағасын бермегенмен, басқа жолдармен оның құнын, әйтеуір, қайтаратын. Өйткені ол кезде мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі бар­лық республикалар үшін ортақ болған. Мәскеуде еңбек демалысына шыққан астаналық тұрғын алатын қарапайым адам үшін ең жоғарғы деңгейлі 132 сом (рубль) зейнетақыны сондай еңбек стажы бар алыстағы қазақ ауылының тұрғыны да алатын. Және де ха­лыққа қызмет көрсетудің көп­теген түрлері, жоғары білім, қазір ақы төлеуді қажет ететін басқа да көптеген нәрселер ол кезде сол орталық республикалар болған Ресей мен Украина азаматтары үшін ғана емес, барлық ұлттық республикалардағы адамдар үшін де тегін болатын. Іс жүзінде, әрине, теңсіздіктер жеткілікті болды. Бірақ заң, сөз жүзінде Кеңес Одағының бүкіл азаматы тең саналатын.
Қазір жағдай өзгерді. Енді біздің елді жалпы халықаралық жағдай мен дамыған әлем мен дамып келе жатқан әлем арасында қалыптасқан әділетсіздеу тәртіпке бейімдеу басым болып тұр. Мәселен, Қазақстан Америка мен Еуропадағы бай мем­лекеттердің өкілдерін визасыз дер­лік қабылдайды, ал біздің азаматтар ол жаққа бару үшін визалық рұқсат алып, сол үшін ақша төлеуге тиіс. Сонымен, тіпті құн жағынан алып қарағанда да, ол жақтың адам­дарының бізге келу шығыны біздің адамдардың олардың елдеріне бару шығынан төмен. Яғни тағы да сол баяғы теңсіздік күйі қалыптасқан. Бұл жағдайды қалай атасаң да, оның түпкі мағынасы өзгермейді.
Біздің мұнайды сол Еуропалық Одақ елдері көп қылып өздеріне тасытып алып жатыр. Жол мен тасымал шығыны негізінен оны өндіруші елдің, яғни Қазақстанның есебінен жабылады. Сондықтан олар үшін құн айырмашылығы жоқ. Ал біз Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасында орналасқан және соның арқасында делдалдық жасайтын бұрынғы Кеңес Одағы республикаларына және социалистік лагерь елдеріне транзиттік құн төлейміз. Сөйтіп, Қазақстанның есебінен бұлар біраз пайда тауып жатыр.
Ал енді ауыл шаруашылығы өнім­деріне келейік. Қазақстан бидайды көп қылып өндіретін мемлекеттердің қатарына кіреді. Бірақ сол Еуропалық Одақтың нарығы біз үшін жабық десе де болады. Өйткені біздің дихандардың ондағы фермерлерге бәсекелес болуын дамыған Батыс елдері қала­майды. Сосын дегенін істейді.
Қазақстан ауыл шаруашы­лығының потенциалы орасан зор. Сөйте тұра еліміздің ауылдық жер­лерінде жұмыс­сыздық көп, даму деңгейі төмен. Өйткені Еуропа мен Ресейдегіден гөрі бізде егін және мал шаруашылығын жүргізудің жағдайы қиынырақ және өзіндік құны жоғарырақ. Бірақ еліміз үшін олар өте маңызды. Әсіресе, өткен тарихымызда небәрі екі-үш жылдың ішінде (1931-1933 ж.ж.) осы ауыл шаруашылығына қатысты сырттан таңылған өзгерістердің кесірінен халқымыздың жартысына дейінгісі аштан қырылып, қалғаны тоз-тоз болып жан сауғалап, жан-жаққа тарап кеткенін ескерсек... Қазір XXI ғасырдың басы дегенмен, әлемде аштық жойылған жоқ. Жылына талай миллиондаған адам оның қорлығын көріп жатыр.
Қазақстандағы жағдай тіпті Ресейдегідей де емес. Ол елде қуаң­шы­лық жоқтың қасы. Қалғанын былай қойғанда картоп кез келген дерлік жерде өседі. Және суару мен айрықша күтімді онша қажет етпейді. Ал Қазақстан­да мемлекеттің көмегінсіз немесе ірі-ірі агроөнеркәсіптік негізсіз ауыл шаруашылығын әлемдік бәсекелестік деңгейінде ұстап отыру тіпті мүмкін емес. Бұны ескерген жөн.
Дегенмен, Қазақстан бидай өндiрушi және эскпорттаушы ретiнде әлемдегi өз позиция­сын сақтап қалған. Басқаның емес, тап осының арқасында еліміздегі аграрлық сектор негізінен эконо­микалық сала ретінде әзірше сақталып отыр. Ал бұндай аз да болса қолайлы жағ­дайдың қалыптасуы мынадай екі себептің арқасында мүмкін болған. Біріншіден, ол – Қазақстанның мемлекет ретінде өз ішкі нарығын сырттан келетін аграрлық тауарға толық түрде және жергілікті өніммен тең құқықтық негізде әзірше жол аша қоймауы. Екіншіден – мемлекеттің өз дихандарына аз да болса қолдау көрсетіп, тиісті жағдай жасауы.

Қайрат ҚАЗАҚПАЕВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор · Мұрағат