Орталық сайлау комиссиясы:ҮМІТКЕРЛЕР МЕН БАЙҚАУШЫЛАР ТІРКЕЛДІ

3 желтоқсан 2020
Орталық сайлау комиссиясы:ҮМІТКЕРЛЕР МЕН БАЙҚАУШЫЛАР ТІРКЕЛДІ

Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері, бейне-байланыс режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайын­далған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі де­путаттарының кезекті сайлауы­на «Nur Otan» партиясының пар­тиялық тізімін тіркеу және осы сайлауға халықаралық ұйым­дардың байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселе қаралды.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мәжіліс депутат­тығына кандидаттардың пар­тиялық тізімдерін ұсыну мерзімі 30 қарашада сағат 18.00-де аяқ­талғанын еске салды. Партия­лық тізімдерді Орталық сайлау комиссиясына бес саяси партия ұсынды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жа­са­­ған Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Асылбек Смағұлов осы жылғы 26 қарашада Орталық сайлау комиссиясына «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады. Осы ретте соңғы 10 жыл ішінде ел аумағында тұрған, жасы 25-тен асқан, белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат болып тіркеле алады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституция­лық заңның 89-бабына сәйкес бір сая­си партиядан тізімге енгізілген адам­дардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі.
Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адам­­дардың саны оған енгізілген адам­дардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 126 адам бар. Оның 40-ы әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, олар тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,7 пайызын құрайды.
Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген үміткерлердің Конституция мен «ҚР сайлау туралы заңы» талаптарына сәйкестігін анықтады. Осыған байланысты, Ортсайлауком мүшелері «2021 жылғы 10 қаң­тарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Nur Otan» партиясының партия­лық тізімін тіркеу туралы» қаулы қа­былдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйым­дардың байқаушыларын аккредит­теуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асыратынын атап өтті.
Қарашаның 20-сында Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы ТМД Парламентаралық ассам­блеясынан 29 байқаушыны ак­кредиттеді. 25 және 26 қарашада Сыртқы істер министрлігінен түскен 10 байқаушыны аккредиттеу туралы ұсыныс бойынша 6 байқаушы – Тәуелсіз мемлекет­­­тер достастығынан байқаушылар мис­сиясы құрамында; 4 байқаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссия­сынан аккредиттеледі.
Баяндалғанды ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайын­далған Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Мәжілісі және мәсли­хат­тары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады.
А.Щегорцова аккредиттеуге ұсы­­ныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылып отыратынын атап өтті.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Орталық сайлау комиссиясы:ҮМІТКЕРЛЕР МЕН БАЙҚАУШЫЛАР ТІРКЕЛДІ · Мұрағат