Шаруалар мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөле бастады

3 желтоқсан 2020
Шаруалар мал тұқымын асылдандыруға  көңіл бөле бастады

Ақ Жайық өңіріндегі күнделікті күнкөрісі мен табысын малмен айырып отырған ағайын соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөле бастады. Сондай шаруашылықтардың бірі – Казталов ауданындағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Серікжан Темірханов жетекшілік ететін «Райынбек» шаруа қожалығы.

Қазіргі уақытта шаруа қо­жалығы асыл тұқымды ангус сиырларын өсіруде. Шаруашылық бұдан үш жыл бұрын Қостанай облысынан 55 аналық және екі бұқа сатып алып, өткен жылы 55 бас аналықтан 50 бұзау алды. Қазір райындықтар аналық төлдерді өсіріп, еркек тайыншаларды тұ­қым­дыққа сатуда.
Қожалық жетекшісі Серікжан Темірхановтың айтуынша, ірі қара малдың ішінде ангус тұқымы өсімтал келеді. Оған өңірімізде сұраныс бар. Қыстың аяғы мен көк­темнің басында туған ангус бұзау­­лары тез өсіп жетіледі де, күзде тірілей салмағы 350-400 келі тарта­ды. Жергілікті сиыр тұқымына ангус бұқаны қоссаңыз, төлі ірі болып, тұқымды бірден өзіне тартып алады.
– Ангус малы негізінен етті бағыттағы тұқым, туғанда 25 келі болған бұзауының салмағы 6 айда 180 келіден асады. Оған ерекше күтімнің қажеті жоқ. Ерте жетіледі, құнажындары 14-15 айында төлдеуге дайын болады. Біздер туған төлдің аналықта­рын алып қаламыз да, бұқалар­ды мемлекеттің тапсырмасына сәйкес мал тұқымын асылдандыру үшін жеке шаруашылық­тарға сатамыз, – деді Серікжан Темірханов.
Бүгінде мал баққан ағайынға өнімнің көрсеткіші мен сапасы бірінші кезекте тұратын болды. Соңғы жылдары қуаңшылық пен құрғақшылықтың салдарынан шөптің шықпай қалуы, малдың жайылымы мен ішетін суының болмауы сол өңірде төрт түлік өсірумен айналысып отырған шаруа қожалықтарын тығырыққа тіреуде. Оның үстіне аудандағы жазық далада мал жайылымын отап біткен дала киігінің ерекше көптігі шаруаларға қосымша соққы болуда. Соған қарамастан төрт түлік малды мыңғыртып өсіріп қана қоймай, оның өнімінің сапасына мән беріп отырған шаруашылық еңбеккерлерінің еңбегі мақтауға тұрарлық.

ГҮЛБАР ДЫБЫСҚАЛИ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Шаруалар мал тұқымын асылдандыруға көңіл бөле бастады · Мұрағат