Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы алаңдатады

26 қараша 2020
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы алаңдатады

Өткен бейсенбі, 19 қарашада ҚР Парламенті Сенатының Премьер-министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен отырысында сөйлеген Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін (АӨК) қолдаудың тиімділігі төмендігіне қынжылыс білдіргенін жазады, www.forbes.kz Парламенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақылбек Күрішбаев Үкіметке еліміз агроөнеркәсіп кешеніндегі қалыптасқан жағдайды ретке келтіріп, тиісті шаралар қабылдауды сұрады.

 Оның айтуынша, 2003 жылы ауыл шаруашылығына мемлекеттік субсидиялар көлемі 3,5 млрд теңге құраған, сол кезде субсидиялар­дың 1 теңгесіне есептегенде 186 теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген екен. 2019 жылы АӨК-ті мемлекеттік қолдау 85 есе артқан, бірақ бұл субсидиялардың 1 теңгесіне өндірілген өнім құны бар-жоғы 17-ақ теңгеге бағаланыпты. Бұл – осы 16 жыл аралықта ауыл шаруашылығын мемлекеттік қол­дау 11 есе төмендеді деген сөз.
Күрішбаев мырза мынадай да мысал келтіреді. Соңғы 15 жылда жаздық бидайдың шығымды­лы­ғы әлемнің ірі астық егетін елдерінде, Ресейді қосқанда, 30-40%-ға ұлғайған, ал Қазақстанда бар-жоғы 14%-ға ғана артыпты, яғни, 2,5 есе кем.
«Неге бұлай болады? Өйткені, АӨК-ті мемлекеттік қолдау бізде, басқа елдердегідей, саланы техно­логиялық тұрғыдан дамытуға бағыт­талмаған, біз аграрлық ғылымды дамытпаймыз. Ауыл шаруашылығы дақылдарының 70%-ға жуығын шет елдерден тасымалдаудамыз, осындай кіріптар жағдайға жетіппіз. Сапалы тұқымдарға қолжетімді болмағасын, кейбір фермерлері­міз алқаптарына іс жүзінде саудаға шығаратын дәндерін себуге мәж­бүр, ал мал шаруашы­лы­ғы жоғары протеинді мал азығымен қам­тамасыз етілмей отыр», – деп реніш білдірді.
А.Күрішбаев Мемлекет бас­шысы­ның келесі жылдан бастап аграрлық ғылымды қаржы­ландыруды тапсы­рғанын еске салды. Премьер-министр жетекшілік ететін Жоғары ғылыми-техникалық комиссия оның бюджетін 2 есе, жыл сайын 17 млрд теңгеге дейін көтеруге шешім қабылдаған. Қосымша қаражатқа шетелдік әріптестермен бірлесіп қазақстандық селекциялық ғылым­ды ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын заманауи молекулярлық тәсілдерге ауыстыру және елімізде Ұлттық Генетикалық банк құру арқылы мал генетикасын жақсарту, сондай-ақ аграрлық инновациялар енгізудің заманауи жүйесін ұйымдастыру да көзделген. Яғни, басқа елдерде қысқа уақыт аралы­ғында ауыл шаруашылығы саласында технологиялық ілгерілеуді іске асыруға мүмкіндік берген тетіктерді дамыту керек. Алайда, республикалық бюджеттік комиссия (РБК) ғылымдағы прогрессивті өзгерістерді қолдамады және бюджетті өткен жылдар деңгейінде бекітті, оның үстіне тек 2 жылға ғана, үшінші, 2023-інші жылға ақша түзету аясында қарастырылмақ.
«Ғылымды қаржыландыру ұлғайған жоқ, тіпті бұрынғы ақша­ларының өзін ғалымдар едәуір тежелумен алуы мүмкін. Өйткені, ғылыми-білім беру орталығы – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы («ҰАҒБО») әлі күнге дейін ғылыми байқаулар өткізген жоқ, әйтсе де оны сонау жаздың басында, ең болмаса бюджеттері бекітіліп қойған 2 жылға байқаулар жариялауға болатын еді ғой. Қаржы министрлігі де осылай істеу мүмкін болатынын растап отыр! Ал енді, ҒЗИ-дің жекелеген басшылары мен қызметкерлерінің сылбырлығы және жауапсыздығынан уақыт жоғалтылды, ал сөйтіп, 3000-ға жуық адам, бюджеттен ақша бөлінгеніне қарамастан, келесі жылдың мамыр айына дейін жалақысыз отырмақ. Осылайша, біз еліміздің аграрлық ғылымы дамуын түпкілікті тоқтатуымыз мүмкін. Қа­лыптасқан жағдайды реттеп, тиісті ша­ралар қабылдауыңызды сұраймыз», – деп түйіндеді депутат.
Сенат депутатының осынша жаны ауыратындай жөні бар және кезінде өзі де басшылық жасаған ведомствоның қазіргі хал-жағдайы, әсіресе саланың дамуына кедергі болар жайттарды атап көрсетуі – шынайы жанашыр екенінің айғағы. Енді таяу жылдарға белгіленген шаралардың орындалуы қандай күйде екеніне тоқталып өтсек.
Министрліктің мәліметінше, 2017-2021 жылдарға арналған Агро­­­өнеркәсіп кешенін дамыту бағ­дарламасында саладағы еңбек өнім-ділігі мен экспорт көлемін 2 жарым есе ұлғайту жоспарланған екен. Ауыл шаруашылығы ми­нистрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров аталған құжатқа енгізілген басты өзгерістер қатарында мына мәселелерге де тоқталған болатын:
«Ауыл шаруашылығы саласына инновация енгізу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бизнестің шығынын субсидиялау қарастырылды. Бұл тетік іске қосылғаннан кейін алдағы уақытта қолданылатын, бизнестің сұранысына ие зерттеулер ғана жүр-гізіледі. Бүгінгі таңда АӨК-тегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс-трукторлық жұмыстар бюджет қаржысына ғана жүргізіледі, ғылыми зерттеулерді мемлекеттік органдар іріктеп алады. Бұл бизнестің сұранысына жауап бермейді», – дейді ол.
Жөн-ақ делік, бірақ іс жүзінде жағдай солай болмай отыр емес пе? Бюджеттен бөлінген қаражаттың өзін уақытылы игере алмау барып тұрған берекесіздіктің көрінісі. Жалпы алғанда, жап-жақсы бағ­дар­ламалар жасалады да, аяғы құр­дымға кетіп, орындаушылардың шалағайлығынан игілікті істер оңды өрісін таппай жатуы қынжылтады. Бұл ретте осы бағдарламаның басы-қасында тұрған сарапшы пікіріне назар бөлген де орынды болар. Сонымен, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» КеАҚ (Коммерциялық емес акционерлік қоғам) басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековтің айтуынша, жаңа құжатты әзірлеу жұмысы 2016 жылы басталған екен.
«Агроөндіріс кешенінің 5 жыл­дық даму бағдарламасын жасауға сарапшы ретінде біз де шақырылған болатынбыз. Талқылау барысында бұрынғы заңдарға заман талабына сай өзгерістер енгізу кере­гіне көзіміз жетті. Сөйтіп, 2016-2017 жылдары жаңа заң жобасы әзірленді. Парламенттің төменгі палатасына ұсынған кезде 13 кодекске, 30-ға тарта заңға өзгеріс енгізуге тура келді. Агроөнеркәсіп кешенімен Жер кодексі, Су кодексі және Орман шаруашылығы ко­дексі тікелей байланысты. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы, астық шаруашылығы, мақта шаруашылығы, ауылдық елді мекендерді дамытуға және басқаларына қатысты 15-ке тарта заң да Агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіне қатысты. Соның бәріне өзгеріс енгізілді», – дейді Т.Рақымбеков.


Айта кету керек, акционерлік қоғам басшысы аграрлық ғылымды мемлекеттік қолдау мәселесіне ерекше назар аударылғанына баса мән береді. Себебі, бұл жалғыз Қазақстан ғана емес, аграрлық сектор дамыған елдердің бәріне тән. АҚШ, Аргентина, Австралия сияқты ауылшаруашылық саласы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, саланы қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздерінің қызығу-шылығын тудыру қажет, дейді сарапшы.
«Мәселен, АӨК өкілі өзінің жұ­мысын жеңілдететін жағдайды айтып, тиісінше талап қояды, ақшасын төлеп тапсырыс береді. Мысалы, АҚШ-тағы фермерлер қауымдастығы, басқа да одақтар ғылыми орталықтарға бидайдың жаңа тұқымын әзірлеп беріңіздер деп тапсырыс береді. Олар тез өнетін, өнім көлемі мол, төзімді деген сынды талап қойып, 5 миллион доллар қаражат төледі делік. Қалған қаражатты ғылыми орталықтарға мемлекет төлеп береді. Яғни, тапсырыс бірінші кезекте өндірістен түседі. Ал өндіріс өзіне не керегін жақсы біледі ғой, көрдіңіз бе? Осыған дейін қалай болып келді? Министрлік бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөледі де, ғылыми институттар оған 40-50 түрлі тақырыпта зерттеу жүргізеді. 2007 жылы тіпті 500 тақырыпқа дейін ғылыми жұмыс жазылыпты. Ол еңбектер өндіріске керек пе, жоқ па, ол жағын зерделеп жатпайды, аспаннан алған тақырыпты зерттей береді. Әрине, одан бергі аралықта біз біраз өзгеріс енгізіп, зерттейтін тақырыптарды азайт­тық. Салалық қауымдастықтармен бірлесіп тақырыптарды терең талқылауды қолға алдық. 2013 жылы ғылымды қар­жыландыруға тауар өндірушілердің өздері қатысуға тиіс екенін айтып, ұсыныс жасадық. Тауар өндірушілердің қаражат бөлгенін де көрдік, бірақ оған мемлекет қаржылай көмектескен жоқ, себебі тиісті заң шықпаған болатын. 2019 жылғы 28 қазанда елімізде алғаш рет экономиканың басқа салаларына қарағанда аграрлық сектордағы ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Тауар өндірушілер ғылымға қанша қаражат бөлсе, соның 80 пайызына тең сома мемлекеттің есебінен субсидияланады. Мысалы, тауар өндіруші ғылыми институтқа келіп «маған осындай тұқым дайындап бер» деп 1 миллион теңге берсе, оның 800 мың теңгесін мемлекет өзіне қайтарып береді. Сонда ғалымдар тікелей өндіріс талабымен жұмыс істейді. Бұған дейін осыған қол жеткізе алмай келген едік. Бұл тамаша жаңалық деп санаймын», – дейді Төлеутай Рақымбеков.
Өздеріңіз аңғарып отырғандай, шын мәнінде де, экономикамыз үшін маңызды сала – ауыл шар­уашылығын дамытуға айтар­лық­тай көңіл бөлінген. Сондықтан да барды ұқсата алмай отырған тиісті ұжымдар мен жігерсіз орындаушылар олқылықтарына әділ бағасын беріп, жауапты адамдарды қатаң жазаласа да артық болмас еді. Сонда ғана әлемдік деңгейде жылдан жылға арта түсіп отырған агроөнеркәсіп саласындағы даму қарқынына біздегі аграрлық сектор ғылымы да үйлесімді ілгерілей алмақ.

Исатай ҚАМБАРОВ

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы алаңдатады · Мұрағат