Экономикалық белсенділік серпіні баяулағанымен, даму әлеуеті мығым

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz
Соңғы аптадағы жағымды жаңалық – індетке қарсы дәруі мол вакциналардың сынақтан сәтті өтіп, жарыққа шыға бастауы экономика ертеңіне елеңдеген биржаларды, құбылып отырған шикізат нарықтарының бәсі мен валюта бағамдарының екпінін басып, сабасына түсіргендей. Дуалы ауыздар келесі жылдың соңын ала дамыған елдерде эпидемияның таралуына тосқауыл қойылып, АҚШ пен Батыс Еуропада іскерлік белсенділік жанданатынын, карантиндік шектеулерді алып тастау энергия ресурстарына сұранысты арттыратынын айтуда. Brent мұнайының орташа баға белгіленімі 2020-2021 жылдары бір баррель үшін шамамен 40 АҚШ доллары деңгейінде қаралып отыр. Бойын тіктеген Қытай экономикасы аймақтағы сұранысқа қарқын қосарына күмән туғызбайтын сарапшылар статистика мамандарының қазіргі ахуал жөніндегі динамикасы баяу деректерге ден қоюының астарынан даму әлеуетінің белгілерін байқауымыз керектігін алға тартады.
Мәселен, жылдың соңына қарай халық тарапынан кейінге қалдырылған сұраныстың біршама қалпына келуі ықтимал. Жоғарыда айтқанымыздай, мұнай бағасының неғұрлым жоғары серпініне және тау-кен өнеркәсібіндегі ірі жұмыстардың біршама қайта жандануына байланысты қарашадан бастап оң динамика белгі бере бастады. Бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде инфрақұрылымдық жобалар тарапынан оң қозғалыс күтілуде. Осы ретте ТеңізШеврОйл-дағы құрылысты қалпына келтіру мерзімі мен қарқынына қатысты белгісіздік сақталып отырғанын, бұл жобалар кейінге қалдырылған немесе тоқтап қалған жағдайда негізгі капитал жинақталуының құлдырау қаупі күшейетінін атап өтуіміз керек. Бұған сәйкес үстіміздегі жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 2-2,3 пайызға қысқаруы күтіліп отыр. ІЖӨ серпіні бойынша болжамның нашарлауы тұтынушылық және инвестициялық ішкі сұраныстың төмендеуімен байланыстырылады. Тұтыну сұранысының қысқаруы нақты сектордағы іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында халықтың нақты ақшалай кірістерінің кемуінен туындап отыр. Әлеуметтік бағытталған мемлекеттік шаралар үй шаруашылықтарының тұтынушылық белсенділігін жеделдете алмауда. Өткен кезеңдермен салыстырғанда теңгенің АҚШ долларына қатысты неғұрлым әлсіз айырбастау бағамы, сондай-ақ жылдық инфляцияның жеделдеуі қосымша шектеу факторларына айналып келеді. Сондай-ақ тұтынушылық және инвестициялық ішкі сұраныстың қысқаруы импорт серпініне әсер ететінін айтқан жөн, осыған орай ең көп құлдырау инвестициялық және аралық импорт бойынша күтілуде, ал оның қалпына келуі инвестициялық белсенділік серпініне байланысты болады. Ішкі сұраныстың төмендігі және теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі тұтыну импортын тежеп отыр. Осылайша нақты импорттың қысқаруы ішкі жалпы өнім серпініне оң үлес қосып, оның төмендеуін шектемек. Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің кемуіне байланысты нақты экспорт айтарлықтай қысқармақ. Бағалау бойынша үстіміздегі жылы мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды. Әлемдік мұнай нарығындағы баға серпіні баяулауының және сауда әріптестеріміздің, атап айтқанда отандық минералдық шикізаттың негізгі тұтынушысы Еуропалық Одақ елдері тарапынан сұраныс төмендеуінің теріс әсері бар. Соған қарамастан үкімет тарапынан контрциклдық шаралар жүргізу аясында мемлекеттің тұтынуы бойынша оң үлес байқалып отыр, атап айтқанда еңбекақы төлеуге және тауарлар мен қызметтерді ағымдағы тұтынуға арналған шығыстар одан әрі өсу үстінде.
Алдағы жылы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы аясында экономикалық өсудің оң қарқыны 3,5-3,8 пайыз аралығында қалпына келетіні айтылуда. Тұтыну белсенділігінің артуы халықтың нақты кірістерінің және тұтынушылық кредиттеудің қалпына келтірілуімен, еңбек нарығындағы ахуалдың жақсаруымен қатар жүретін болады. Инвестициялық белсенділік ішкі және сыртқы сұраныстың кеңеюі аясында, сондай-ақ инвестициялық сипаттағы кейінге қалдырылған жобаларды іске асыру нәтижесінде өспек. Экспорттың ұлғаюы саудадағы әріптес елдердегі экономикалық белсенділіктің оң серпінін қалпына келтіру аясында сыртқы сұраныстың кеңеюімен байланыстырылады. Ұлттық қордан 1 трлн теңгеге нысаналы трансферттер бөлу аясында мемлекеттік тұтыну алдағы жылы оң серпін көрсетпек. Сонымен қатар экономикалық белсенділік серпініне ішкі тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың қалпына келуімен қатар импорттың артуы тежеуші әсер етеді. Болжам бойынша жылдық инфляцияның одан әрі 8 пайызға дейін үдеуі күтілуде. Инфляциялық қысымның біршама әлсіреуі тұтынушылардың төмен сұранысына байланысты болмақ. Азық-түлік бағасы өсуінің сақталуы және ақылы қызметтер инфляциясының біршама артуы салдарынан инфляциялық үдерістер жеделдемек. Қысқа мерзімді кезеңде азық-түлік инфляциясының өсуі жеткізу тізбегінің бұзылуымен, шикізат өнімінің қымбаттауы аясында өндірушілер бағасының өсуімен және импорттық өнім бағасының жоғарылауымен байланыстырылып отыр. Дағдарысқа дейінгі бағалар бойынша сатылатын тауар қорларының сарқылуымен бірге теңгенің айырбастау бағамын бағаларға ауыстыру азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өсуінің негізгі себебі болып табылады. Жылдық инфляцияның орта мерзімді серпіні бойынша бағалау бұрынғы болжаммен салыстырғанда елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ, оның 4-6 пайыз нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай баяулауы күтіліп отыр.







