Кәсіпкерлер несие жүгін азайта алады

Үкімет «Жеке кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулыға өзгерістер енгізіп бекітті. Жаңа өзгерістерге сәйкес, дағдарыстан зардап шеккен экономика саласындағы шағын және орта бизнеске көмек көрсетілетін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтарға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Шағын және орта бизнес өте қиын кезеңдерді бастан кешіп отыр. Пандемияның соққысы алдымен соларға тиді», – деп атап көрсетті.
Осы ретте Президент Үкіметке шағын және орта кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетуді, атап айтқанда несиелерін жеңілдікпен қайта қаржыландыруды тапсырған болатын.
– Жаңа бекітілген өзгерістер бойынша COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыс кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алынған лизинг мәмілелері мен несиелерін «Даму» қоры арқылы ішінара субсидиялай алады. Мұндай мемлекеттік қолдаудың шапағатын көре алатын компаниялар мен кәсіпорындар қатарына жеке сауда саласындағы, қонақ үй, туристік қызмет, кинотеатр, фитнес-орталықтар, көлік жөндеу мен техсервис қызметі, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру секілді қызмет көрсететін 29 түрлі сала енген. Өзгеріс шарттарына сәйкес, кәсіпкер номинал мөлшерлеменің тек 6%-ын ғана төлейді. Ал айырмасын мемлекет өтеп береді, – деп түсіндірді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бойынша бас менеджері Тілек Қазбалиев.
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын шарттар белгілі. Олардың бастыларына келсек, мемлекеттік қолдау көремін деген кәсіпкерде 2020 жылдың 16 наурызы күніне 180 күннен асқан несие мөлшерлемесі және негізгі қарызы бойынша несие төлемақысын төлеуде кешіктіру, яғни қарызы болмауы керек. Қолдаудың жаңа шарасы бойынша субсидиялау кезеңі 2020 жылғы 16 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығын қамтиды. Бұл ретте несие бойынша сыйақының номинал мөлшерлемесі 16 наурыз бен 31 тамыз аралығындағы кезеңге шектелмеген, 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 наурыз аралығындағы кезеңге 18%-дан аспауға тиіс.
ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА







