Отбасы бақыты – әр адамның асыл арманы

Алматыдағы Репродуктивтік медицина институтында Қазақстандағы ЭКО-ға 25 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті. Шара барысында аталмыш институттың директоры Тамара Жүсіпалиева елімізде атқарылып жатқан игі істер жайлы өз ойын ортаға салды.
1995 жылы қалалық денсаулық сақтау басқармасы Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Тамара Мұфтахқызының басшылығымен алғашқы экстракорпоралды ұрықтандыру зертханасы ашылған болатын. Осы жылдар ішінде 5 адамнан тұратын ЭКО зертханасы РМИ-дың үш клиникасында 300-ден астам қызметкері бар ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына дейін өсіп, Қазақстанда ҚРТ саласында көшбасшыға айналды. РМИ-дың негізгі ұйытқысы – бұрынғыша, сонау 90-жылдардың ортасында жұмыс бастағандар. Бүгінгі таңда пациенттерге ҚРТ саласындағы барлық заманауи әдістемелер қолжетімді. Хирургиялық және микрохирургиялық әдістерді қоса, әйелдердің ауруларын да, ерлер бедеулігінің ауыр түрлерін де емдеу, онкологиялық аурумен ауыратын науқастарда репродуктивтік қызметті сақтау және дені сау баланың дүниеге келуі мақсатында эмбриондарды генетикалық зерттеу сәтті өткізіледі. Соңғы жылдары медицина туризмі қарқынды өсіп келеді.
Жыл сайын елімізде АҚШ, Германия, Италия, Қытай мен Түркияны және ТМД елдерін қоса, 35 елдің пациенттері емделеді. 25 жыл ішінде РМИ-да балалы бола алмай жүрген отбасыларында 16000 бала дүниеге келді. Балалар медициналық араласусыз өздері бала сүйіп жатыр. Табысты жұмыс нәтижесі мен сәтті емделудің жоғары көрсеткіштері ретінде клиника тегін медициналық көмек көрсету аясында мемлекеттік тапсырыстардың үштен бір бөлігін жүзеге асырады. Бұл ЭКО-ның квоталанған бағдарламалары, сондай-ақ лапароскопиялық операциялар.
ЭКО-ға алғашқы бір жүз квота 2010 жылы бөлінді. 2019 жылы олардың саны 900-ге жетті, бірақ 18 миллион халқы бар ел үшін бұл жеткіліксіз. Көптеген баласы жоқ отбасылар қымбат тұратын қызметке қол жеткізе алмай, көп жағдайда ол ажырасудың себебіне айналады. Бұл жағдайға байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында отбасылық-демографиялық жағдайға қатты алаңдаушылық таныта отырып, үкіметке 2021 жылдан бастап ЭКО бағдарламалары бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе арттыра отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Көп балалы отбасылар дәстүрі бар Қазақстан үшін осындай жаңалықтар, жалпы алғанда, отбасы мен қоғамға деген шынайы қамқорлықты білдіреді. Дүниежүзінде мемлекеттің өркениеттілігі әйелдерге, отбасыға және балаларға деген қарым-қатынас индикаторлары бойынша анықталады.
2019 жылы Репродуктивтік медицина институты Қазақстанның ең жақсы медициналық мамандандырылған мекемесі атағын кезекті рет растады. Ғылыми жетістіктер, инновациялар мен ең жақсы әдістемелерді енгізу, медициналық көмек көрсетудегі ең жоғары стандарттарға жүгіну, аймақтық мамандар мен шетелдік курсанттарды оқыту, әлеуметтік жауапкершілік және филиал ашу – міне, өткен жылдың басты нәтижелері осы. Осындай қыруар жұмыстың нәтижесі – еліміздегі, көрші және шетел мемлекеттеріндегі отбасыларында көптен күткен сәбилер дүние есігін ашты!
РМИ іргесінде 15 ғылыми кандидаты, батыста білім алған жас эмбриолог дәрігерлер еңбек етіп келеді. Ширек ғасыр ішінде РМИ-да 15 000-нан астам бала дүниеге келді, енді олар өз кезегінде ата-анаға айналып жатыр.
Репродуктивті медицина институтының директоры Тамара Жүсіпалиева өзінің сөзінде Қазақстанда сапалы медицинаға деген сұраныстың артқанын, клиника көрсететін медициналық қызметтердің аз шығын жұмсай отырып, шетелдік баламалардан еш төмен еместігін айтты. Ол өзінің сөзінде Қазақстан заңдарының бейімділігі, дәрігерлердің жоғары біліктілігі, заманауи технологиялардың жеткілікті болуы арқасында Қазақстанға медициналық туризм бойынша келетіндер легінің артқанын айтты. Клиниканың басты ерекшелігі — операциялық блок пен жаңа өмір басталатын эмбриологиялық зертхана «таза бөлме» қағидасы бойынша жасалған, олар өзгелерден мүлдем оқшауланған, мұнда тұрақты температура мен ылғал ауа өте таза күйінде беріледі.
Клиника жаңа қондырғылармен жабдықталған. Эмбриология зертханасына Planer (UK) планшетті инкубатор мен құйылып жасалған ESCO MIRI (Singapour) алты инкубатор қойылған, бұлар эмбриондарды жетілдіреді әрі сапасын арттырады. Репродуктивті медицинада құбылыс жасаған, ең жаңа «Time – Lapse ESCO» инкубаторы бірінші күннен эмбрионның даму барысын қадағалауға және ұрықтандыру үшін ең сапалы эмбрионды таңдап алуға мүмкіндік береді.
Салтанат ҚАЖЫКЕН







