АТА ЗАҢ – КЕМЕЛДЕНУ КЕПІЛІ

Мемлекеттің тұғырын бекітетін де, бүкіл құрылымын нығайтатын да – оның Негізгі заңы, Конституциясы. Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында Ата заңымыз күні – мәні де, маңызы да айрықша мереке.
Ғасырға толар-толмас тарихымызға зер салар болсақ, ең алдымен Алаш арыстары күш-жігерімен бастау алған, содан кейін де республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келіпті. Ең алғашқысы, өкінішке орай, 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық Атқару комитеті шешімімен тұңғыш Конституция жазылып, РСФСР Орталық Атқару комитеті оны бекітпеген соң күшіне енбеген.
Бұдан кейін 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституциямыз бар. 40 жыл ғұмыр кешкен бұл Негізгі заң орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған кезеңнің Конституциясы басқан екен. Міне, осы құжат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылып қабылданған, 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл Ата заңы қолданысқа енгенге дейін өмір сүрді. Бұл ретте еліміздің егемендік алғанын жариялаған 1993 жылғы тұңғыш Конституция – мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғары заң тұрғысында, саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат болды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды.
Ал, қазіргі қолданыстағы Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады.
ҚАЙТА ҚАБЫЛДАНҒАН КОНСТИТУЦИЯ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ?
Айта кету керек, 1993 жылғы құжатта конституциялық құрылымның негіздері бекітілді әрі Қазақстан парламенттік республика атанды.
Ал, Ата заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасы – барлық азаматтардың құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Халықтың атынан билік жүргізу құқығы өздерінің конституциялық өкілеттігі шегінде Жоғарғы Кеңес пен Президентке берілді.
Дегенмен, 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай бола алмады. Сонымен қатар онда адамның жеке құқығы мен бостандығы және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын.
Сондықтан Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қайта қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, мемлекеттің ең жоғарғы құндылығының адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екені нақтыланды.
АТА ЗАҢҒА ЖЕКЕЛЕГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Атап айтар болсақ, 2011 жылы қаңтарда ҚР парламенті Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша «бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды» делінген Негізгі заңда. Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне «Елбасы» мәртебесі берілді.
НЕГІЗГІ ЗАҢЫМЫЗДАҒЫ РЕФОРМАЛАР
2017 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жария етті. Соған сәйкес, Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін үкімет пен парламентке өткізетін болды.
Президенттің 2017 жылдың 11 қаңтарындағы №140 Жарлығымен мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныс енгізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына депутаттық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, құқықтанушылар және басқалары кірген бұл топ «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап шығарды.
Жаңа құжат Елбасының тапсырмасымен сол жылдың 26 қаңтарында жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Сондай-ақ Конституцияға 40-қа тарта өзгеріс енгізу ұсынылды. «Менің жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық», – деді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 3 наурызында өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.
Осыдан кейін қос палата депутаттары Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бірінші оқылымда-ақ мақұлдады.
Конституциялық реформаға сәйкес, сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерін президент бұрынғыдай өзі тағайындайды. Министрлер лауазымына кандидаттарды президентке премьер-министр ұсынады.
Айта кетер болсақ, жаңа өзгерістерге орай, президент құзырындағы Министрлер кабинетін жасақтау және оның жұмысын қадағалау құзыреті парламентке беріледі. Үкіметтің де, Парламенттің де жауапкершілігі арта түседі.
Реформа құзырына орай, Президент ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі-сыртқы саясат, мемлекеттік басқару сынды негізгі шаруаларды атқарады. Сонымен қатар үкімет президент пен қос палата депутаттарының алдында есеп береді.
2017 жылғы конституциялық өзгерістерге қарамастан елімізде президенттік басқару жүйесі өзгеріссіз қалып отыр.
НЕГІЗГІ ЗАҢ: «БИЛІКТІҢ БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ»
Ата заңымыз Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Конституцияның 3-бабы 1-тармағында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп атап айтылған. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – халық суверенитетінің көрінісі. Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы жүзеге асырады, сонымен бірге билік жүргізуді мемлекеттік органдарға тапсырады.
Ең маңыздысы, халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат өзінің нормаларымен және қағидаларымен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениеті дамыған елдердің қатарына жетелейді. Сол себепті басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Бір сөзбен айтқанда, Ата заңымыз – еліміз дамуының, экономикалық тұрғыдан да нығая түсуінің, қоғамымыз зайырлы мемлекеттер қатарында кемелденуінің кепілі.
Конституция күні құтты болсын!
Исатай ҚАМБАРОВ







