Фермерлер алғашқы сақтандыру төлемдерін алды

Биыл агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады. Жыл басынан іске қосылған жаңа жүйе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сақтандыру шартын үйден шықпай-ақ жасауға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі бұл жүйенің операторы – «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі барлық үдеріс Qoldau.kz платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыру, тәуекелдерді азайту және салаға инвесторлар тарту үшін сақтандыру сыйақыларын субсидиялайтын мемлекеттік қолдау қарастырылған. Шарт жасасқан соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50%-ын төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдау есебінен төленеді.
Топырақтағы ылғал деңгейі спутниктің көмегімен анықталып, тікелей мониторинг жүргізіледі. Сақтандыру жағдайы туралы хабарлама фермердің платформадағы жеке кабинетіне келеді. Содан кейін ол сақтандыру төлеміне өтініш береді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ cақтандыру департаментінің директоры Әсел Рамазанова осы жүйе арқылы биыл маусым айында 60 шаруашылық егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырғанын айтты. Сақтандыру сыйақысы 199 миллион теңгені құраған. Осы ретте егіншілікпен айналысатын фермерлер мемлекеттік субсидияның көмегі арқылы сақтандыру шығындарының жартысын өтеп алған екен. Нәтижесінде 47 шаруашылық жалпы сомасы 491 миллион теңге болатын сақтандыру төлеміне қол жеткізді.
Жаңа жүйенің игілігін көргендердің бірі – егіншілікпен айналысатын шаруа қожалығының басшысы Қанат Әлмұхамедов. Ол бидай, арпа, жүгері, күнбағыс өсіреді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында егістік алқаптары бар. «Биыл 8315 гектар жерімізді сақтандырдық. 22,5 миллион теңге төледік. Оның жартысын мемлекет субсидиялады. Біздің аймақтарда 60 күнге дейін жауын-шашын болмады. Сондықтан ақпараттық жүйе арқылы өтініш беріп, 86,5 миллион теңге көлемінде өтемақы алдық. Ерікті сақтандыру жүйесі өте ыңғайлы. Барлық операция онлайн форматта өтеді», – дейді Қанат Әлмұхамедов.
Ауыл шаруашылығы сақтандыру нарығын одан әрі дамыта түсу мақсатында Qoldau.kz электронды алаңын жетілдіріп, қызмет көрсету қолжетімділігін арттыру жоспарлануда.
БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ







